Жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру

Сақтандыру «Жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 11 маусымдағы № 435-II Заңы негізінде жүзеге асырылады.

Жеке нотариустардың жауапкершілігін сақтандыру жеке нотариус нотариаттық әрекеттер жасау нәтижесінде зиян келтірілген үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.

Сақтандыру объектісі - жеке нотариустың өзі нотариаттық әрекеттер жасау нәтижесінде үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу міндетімен байланысты мүліктік мүдделері.

Сақтандыру жағдайы деп сақтанушының өзі нотариаттық әрекеттер жасау нәтижесінде үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне келтірілген зиянды өтеу жөніндегі азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі танылады.

Сақтандыру төлемдерінің, жарналар сияқты, мөлшері заңнамалық деңгейде реттеледі.

Соңғы жылдары нотариат институтының өзінің маңыздылығына байланысты жалпы кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруды, атап айтқанда нотариустардың кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды дамыту мәселесіне назар айтарлықтай артты. Нотариат азаматтық қоғамның азаматтық-құқықтық айналымның тиімді ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ететін аса маңызды элементі бола отырып, мемлекеттің азаматтардың өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға кепілдік берілген конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуінің орталық құралдарының бірі ретінде көрінетіні бірнеше рет атап өтілді.

Бүгінгі күні нотариат әлемдік ауқымда - мәмілелерді куәландыру, мұрагерлік құқықтарды ресімдеу және басқа да әрекеттер жасау, азаматтық құқықтарды заңдық бекіту және олардың ықтимал бұзылуының алдын алу жүктелген органдар жүйесі.
Нотариус нотариаттық әрекет жасау кезінде өзіне ұсынылған құжаттарды зерттей білуі, іс мән-жайларын егжей-тегжейлі анықтап, оның қатысушыларының әрекет уәждерін түсінуге ұмтылуы, олардың құқықтары мен міндеттерін жан-жақты түсіндіруі, заңдық хабарсыздық оларға зиян келтіру үшін пайдаланылмауы үшін тараптарды жасалатын нотариаттық әрекеттердің салдары туралы ескертуі тиіс. Нотариус шартқа жай ғана мөр мен қолын қоймайды, алдын ала адамдармен әңгімелеседі, мәмілеге қатысатын тұлғалардың жеке басын анықтайды және әрекет қабілеттілігін айқындайды, кәмелетке толмаған балалар мен әрекетке қабілетсіз азаматтардың құқықтарын қорғайды.
ҚР «Нотариат туралы» Заңының жеке нотариустарға қойылатын талаптарының бірі - нотариаттық әрекеттер жасау нәтижесінде зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша кепілдік болып табылатын азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру.
ҚР «Жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Заңына сәйкес жеке нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру объектісі - жеке нотариустың өзі нотариаттық әрекеттер жасау нәтижесінде үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу міндетімен байланысты мүліктік мүдделері, оларды жүзеге асыру үшін жеке нотариус Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңнамасына сәйкес жеке нотариустың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
Жеке нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандырудың мақсаты - сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру арқылы жеке нотариус нотариаттық әрекеттер жасау нәтижесінде зиян келтірілген үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.
Жеке нотариус жеке нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспай нотариаттық әрекеттер жасауға құқылы емес. Сақтандыру шартынсыз қызметті жүзеге асыратын жеке нотариус Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікте болады.
Жеке нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы деп сақтанушының жеке нотариус нотариаттық әрекеттер жасау нәтижесінде үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне келтірілген зиянды өтеу жөніндегі азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі танылады. Сақтандыру жағдайы сақтанушы келтірген зиянды өтеу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап не сақтанушы үшінші тұлғалардың зиянды өтеу туралы талаптарын негізді деп таныған және сақтандырушы сақтанушының талаптарды тануымен келіскен күннен бастап басталды деп есептеледі.
Сақтандыру төлемі туралы талапты сақтандырушыға сақтанушы не үшінші тұлға сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша нысанда қояды.
Жеке нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының қолданылу кезеңінде үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне келтірілген зиян үшін сақтандыру төлемі туралы талап сақтандыру жағдайы басталған сәттен бастап үш жыл ішінде сақтандырушыға қойылуы мүмкін. Жеке нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.